Су тасқыны басталғалы бері Түркістан облысында 18 еріктілер штабы құрылды. Біреуі облыстық деңгейде, қалғандары аудан-қалаларда жұмыс істеп тұр. Осы уақытқа дейін волонтерлар зардап шеккен аймақтарға салмағы 346 тоннаны құраған 12 фура гуманитарлық жүк жіберді. Бұл туралы Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ернар Бектаев ОКҚ алаңында өткен брифингте хабарлады. 

«Волонтерлар гигиеналық заттар, азық-түлік және балаларға қажетті заттарды жинады. Еріктілер Ақтөбе облысы мен БҚО-ға барып қайтты. Сол жердегі халықтың тамақтануын ұйымдастырды. Бүгін еріктілер 150 тонналық гуманитарлық жүк жинап, су басқан аймақтарға жібермек. Оның 100 тоннадан астамы БҚО-ға, 2 фура Атырау облысындағы Құлсары қаласына жөнелтіледі. 50 жергілікті ерікті су басқан аудандарға аттанады. Оларды облыс әкімідігі қолдап, бір автобус берді», – деді спикер.