Жергілікті ауылдар және тұрғын үй алабының су басу қаупіне байланысты республикалық жедел штабтың шешіміне сәйкес, Қорғаныс министрлігінен қосымша күштер мен құралдар бөлінді. Орал қаласына Қызылордадан 200 әскери қызметші, 26 бірлік автомобиль техникасы, Атырау облысына «Оңтүстік» ӨңҚ әскери бөлімінен 1000 аса жеке құрамы, 61 бірлік әскери техника, Петропавлға Қарағанды қ. «Астана» ӨңҚ 300-ден аса әскери қызметші, 16 техника, Орал қаласына әскери-көліктік авиация ұшақтарымен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері - Талдықорғаннан 200 адам, Алматыдан 103 адам жеткізілді.
«Ойыл ауылында жеке құрам пароммен Ойыл елді мекеніне тәулігіне 10 рейс жасады. 43 адам, 31 жеңіл көлік, сондай-ақ 8 тонна гуманитарлық жүк тасымалданды. Жайық өзенін кеңейту бойынша жару жұмыстары жалғасуда. Өткен тәулікте 2 рет жарылыс ұйымдастырылды. 68665 әскери бөлімінің жеке құрамы Ақмола облысы, Есіл ауданы, Заречный ауылының тіршілік ету объектілерін электрмен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жүзеге асырды. Петропавл қаласында және оның маңында жұмыстар жалғасуда, су басуы мүмкін жерлерді құм салынған қапшықтармен бекіту, жергілікті тұрғындарды эвакуациялау жүргізілуде», – деді спикер.
Аумақтық қорғаныс бригадаларының әскери қызметшілері жасанды бөгетті нығайту мақсатында құм қаптарын дайындау жұмыстарын жүргізуде. 27 - наурыз бен 11 - сәуір аралығында Атырау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шараларға Қарулы күштердің 5 мыңға жуық әскери қызметшісі, 170-тен астам әскери техникасы, 11 тікұшақ және 5 әскери-көлік ұшағы жұмылдырылды. 2 жарым мыңға тарта тұрғын эвакуацияланды, түрлі қызметтердің 825 маманы және 111 000 келіден аса жүк тасымалданды. Осы аралықта 300 мың қап құм дайындалып, төселді. Паромның көмегімен Ойыл ауылының тұрғындарын эвакуациялау жүргізілді.