Ветеринариялық қадағалау және бақылау комитетінің қызметкерлері ОКҚ алаңында сөйлеген сөзінде су тасқыны кезіндегі зерттеу жұмыстарының қорытындылары туралы хабарлады. Атап айтқанда, ветеринарлық мамандар су басу аймағына түскен Сібір жарасы ауруларынан өлген жануарлар көмілген орындарында топырақ сынамаларын алды.

Әрбір сынама бойынша Республикалық ветеринариялық зертханада және ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықта ПТР талдаулары мен бактериологиялық зерттеулер жүргізілді. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша топырақ сынамаларында сібір жарасы қоздырғыштары анықталған жоқ.

Сонымен қатар, республиканың барлық өңірінде сібір жарасына, эмкарға, аусылға және басқа да аса қауіпті ауруларға қарсы белсенді жоспарлы вакцинация жүргізілуде. Жалпы, бүгінгі таңда елдегі эпизоотиялық жағдай тұрақты.