Су тасқыны басталғалы бері Жем өзені 107 см төмендеген. Жалпы ауданда жаға бекіту жұмыстары тоқтаған жоқ. Барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жаға бекіту жұмыстарына 6554 адам, 233 бірлік техника, 17 бірлік жүзу құралдары және 21 бірлік мотопомпа жұмылдырылды.
«Соңғы деректер бойынша, аудан орталығында су астында қалған үйлер саны 2798 құрап отыр. Сонымен қатар аудан төңірегінде облыстық маңызы бар Доссор-Құлсары-Ақтау тасжолын су шайып кетті. Жылыой ауданынан 36 738 адам, оның ішінде 9 373 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. 10 мыңнан астам төрт түлік мал қауіпсіз жерге көшірілді», – деді Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ресми өкілі Айсұлу Келдіғалиева ОКҚ алаңында өткен брифингте.