Қазақстан халқы ассамблеясының 100-ден астам еріктісі Солтүстік Қазақстан өңірінде су тасқынынан зардап шекен азаматтарға жәрдем беріп жатыр. ҚХА төрағасының орынбасары, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету жөніндегі ҚХА штабының басшысы Ақбаржон Исмаилов Петропавл қаласындағы эвакуациялық пунктен ОКҚ алаңында тікелей байланысқа шығып, жергілікті ахуал жайында баяндады.
«Қазір біз СҚО-да Петропавл қаласындамыз. Мектеп аумағында орналасқан эвакуациялық пунктердің біріндеміз. Мұнда Заречный ауылының тұрғындары орналасты. 35 шақты азамат бар. ҚХА «Жүректен жүрекке» акциясы аясында 7 жүк көлігі келді. Оны Тәжік этномәдени орталығы жолдады. ШҚО-дан да бір жүк көлігі жіберілді. Мұнда жұртқа қажетті барлық гуманитарлық көмек бар. Азық-түлік, гигиеналық заттар, матрас пен жастықтар әкелінді. ҚХА-да 11 мыңнан астам волонтер бар. Олардың 100-ден астамы СҚО-да жұмыс істеп жатыр. 500-ге жуық адамға ыстық тамақ беріп жатырмыз», – деді спикер.