Бүгінгі таңда авариялық-құтқару жұмыстарында 30 629 адам, 3 529 техника, 678 су тарту құралы, 198 жүзу құралы, 11 әуе кемесі жұмылдырылды.
«Жедел желі телефонына 1568 қоңырау түсті. Психологтар зардап шеккен адамдарға психологиялық көмек көрсетуде. Осы сағатта Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында 4 040 жеке тұрғын үй, 1 155 аула аумағы және 2 037 саяжай үйлері су астында қалуда. 3 262 тұрғын үй мен 2 036 аула аумағынан су бұрылды», – деді спикер.
Мұз кептелісінің алдын алу үшін Ақмола, Солтүстік Қазақстан өңірлерінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында 850 адам алдын ала эвакуацияланды. Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 36 ТЖ әрекет етеді.
ТЖМ азаматтарды аса мұқият болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пункттерінен тиісті рұқсатсыз кетпеуге шақырады.