Су тасқыны басталғалы бері 104 233 адам, оның ішінде 37 983 бала қауіпсіз жерлерге жеткізілді. 11 571 адам үйлеріне оралды.  Уақытша орналасу пунктеріне 7 146 адам, оның ішінде 3 163 бала орналасты. 9,2 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 1,8 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді. Бұл туралы Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш хабарлады.

Бүгінгі таңда авариялық-құтқару жұмыстарына 30 591 адам, 3 531 техника, оның ішінде, 679 су сору құралы, 208 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылды.

«Осы сағатта Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында 4 117 жеке тұрғын үй, 1 264 аула аумағы және 2 037 саяжай үйлері су астында қалуда. 3 299 тұрғын үй мен 2 241 аула аумағынан су бұрылды. Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының елді мекендерінде халықты эвакуациялау жүргізілді. Эвакуациялау жұмыстары жалғасуда», – деді спикер.