«Атмосфералық фронтальды бөлімдер ҚР көп бөлігінде жаңбырлы ауа райын тудырады, жел соғады, оңтүстіктің таулы аймақтарында қатты жаңбыр жауады, елдің солтүстігінде жауын-шашын (негізінен жаңбыр) болады. Тек республиканың шығысында антициклон сілемінің әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. ҚР бойынша найзағай, тұман болады, елдің оңтүстігінде жел күшейеді деп күтілуде», – деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Соңғы тәулікте Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша 5 дауылды гидрологиялық ескерту шығарылды.

Атап айтқанда, Ақмола облысында Балқашын ауылындағы Жабай өзенінің гидрологиялық бекетінде су деңгейінің 4 сағат ішінде 27 см көтерілуі жалғасуда. Державинск қаласының Есіл өзенінің гидрологиялық бекетінде су деңгейінің көтерілуі 12 сағат ішінде 21 см-ге жалғасуда. Су деңгейі қауіпті деңгейден 15 см-ге асқан.

«Шығыс Қазақстан және Абай  облыстарының аумағында 14-18 сәуірде температуралық фонның жоғарылауына және 16 сәуірден бастап жаңбыр мен жылбысқы қар түріндегі жауын шашынның болжамына, сондай-ақ қардың қарқынды еруінің жалғасуына байланысты, еріген қар суы мен  беткейлік ағындардың қалыптасуы, өзендердегі су деңгейінің ары қарай көтерілуі күтіледі», - деді спикер.