Эвакуациялық пункттерде 5300-ге жуық бала бар, оның ішінде 71 бала стационарлық көмек алады, 87 бала амбулаториялық ем алады.
«Эвакопункттерде медициналық және медициналық-психологиялық көмек көрсету үшін 1 116-дан астам медицина қызметкері, оның ішінде 278 дәрігер, 838 мейіргер, сондай-ақ 79 психолог тартылды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мақсатыңда су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде халық пайдаланатын ауыз су сапасына тұрақты мониторинг жүргізіледі», – деді спикер.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Батыс Қазақстан облысына сапар барысында «Батыс Су Арнасы» компаниясының суды тазартудың технологиялық схемасымен және ауыз судың сапасын бақылау зертханасының жұмысымен танысты. Сондай-ақ Ұлттық сараптама орталығының Батыс Қазақстан облыстық филиалының ауыз су мен тамақ өнімдерінің сапасын бақылауда шешуші рөл атқаратын зертханаларының жұмысын бағалады. Мұнда ауыз судың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су үлгілері бойынша зерттеулер күн сайын жүргізіледі.
«Солардың нәтижелері бойынша бүгінгі күні инфекциялық аурулардың су арқылы таралу қаупі төмен. Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері Денсаулық сақтау министрлігінің күнделікті бақылауында тұр. Сондай-ақ, ведомство басшысы эвакуациялық пункттердегі және өнірдегі бірқатар медициналық нысандарының медицина қызметкерлерінің жұмысымен жеке танысты», – деді Ә.Оразалиева.
Денсаулық сақтау министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді ұйымдастыру жұмысын жалғастыруда. Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтының қатысуымен зардап шеккендерді тегін қабылдайтын 16 санаторийлік-курорттық ұйым айқындалды. Бұл нысандар бір мезгілде 190 адамды қабылдай алады, оңалту курсы 10 күннен 14 күнге дейін болады, бұл зардап шеккендерді мүмкіндігінше санаторийлік емдеумен қамтуға мүмкіндік береді.