Балаларды қоса алғанда, 4 мыңға жуық адамға мүгедектікті қайта куәландыру мерзімдері автоматты түрде ұзартылды. Мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеу бұрын белгіленген топ бойынша жүзеге асырылады.
«Сәуір айындағы зейнетақылар мен жәрдемақылар алушылардың екінші деңгейдегі банктердегі шоттарына және Қазпоштаға кідіріссіз және толық көлемде аударылды. Жергілікті атқарушы органдар өз қаражаты есебінен су тасқынынан зардап шеккен 2300 отбасына 555 млн теңгеден астам әлеуметтік көмек көрсетті», – деді спикер.
Су басқан аймақтардан 96 мүгедектігі бар адам эвакуацияланды. Жергілікті жерлерде оларға барлық қажетті көмек көрсетілді. Республика бойынша қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін барлық 118 орталық штаттық режимде жұмыс істеуде.
Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтарды сауықтыру үшін республиканың 7 санаторийінде 164 орын бөлді. Электрондық үкіметтің мобильді қосымшасында су тасқыны салдарынан келтірілген залалды өтеуге өтініш беру функционалы іске асырылды. Қосымшаны апробациялау Ақмола облысында басталады.