Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккендер үшін гуманитарлық жүк жинау жалғасуда. Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан Батыс Қазақстан облысына 8 жүк көлігі келді. «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы, ҚХА республикалық штабы басшысының зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету жөніндегі орынбасары Тимур Жұмырбаев атап өткендей, гуманитарлық көмекті қабылдау пунктінде тәулік бойы ең көп зардап шеккен аудандар бойынша заттарды бөлу жүргізіледі. Достық үйлерінің қызметкерлері, ҚХА еріктілері аудандардың сұраныстарын ескереді. 

«БҚО-да жағдай күрделене түсуде, өйткені су деңгейі көтеріліп жатыр. ҚХА бүкіл ел бойынша «Жүректен жүрекке» акциясын өрістету бойынша үлкен шаралар қабылдауда. 12 мыңға жуық ерікті 860 тонна гуманитарлық көмек жинады. Бұл жұмыс жалғасуда. Гуманитарлық жүк пен ақшалай қаражаттың жалпы құны 560 млн теңгені құрайды. Меценаттар – Ассамблея мүшелері арнайы техника жіберді. Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін 37 бірлік техника берілді. Біздің еріктілер күндіз-түні гуманитарлық жүктерді түсіреді, Жайық өзенінің арнасын нығайтуға атсалысады. Олар жасаған жұмыс үлкен құрметке лайық», – деп түйіндеді спикер.

Қазір Орал қаласында қосымша еріктілер мен жұмысшылар күші қажет.