Еліміздегі халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарында ауа райының жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан 3 облыстағы 9 жол учаскесінде жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын бөлікте су басу жайттары орын алды. 5 облыста Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, СҚО республикалық маңызы бар ұзындығы 411 шақырымды құрайтын автокөліктің барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу қойылды. Бұл жайлы ҚР КМ автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Өтенбаев ОКҚ брифингінде мәлімдеді.
Ақтөбе облысында Қандыағаш – Ембі қалаларының арасында Қандыағаш, Ембі, Шалқар, Ырғыз республикалық маңызы бар жол учаскесінде қозғалыс шектелген. Атырау обылысында Мұқыр-Құлсары автомобиль жолында Доссор мен Құлсары қалалары арасында шектеу енгізілді. Қостанай облысында ҚР мен РФ арасындағы бейтарап белдеуде орналасқан Желқуар өзеніндегі судың күрт келуіне байланысты Мариновка ауылына кіреберіс автомобиль жолында шектеу қойылды. СҚО Есіл өзенінің су деңгейінің көтерілуіне және автомобиль жолдарының жүріс бөлігі еріген судың басып кетуіне байланысты республикалық маңызы бар 6 учаскесіне қозғалыс шектеуі қойылды.
«Елді мекендерге қауіп төндірмеу үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ұзындығы 70 метр болатын 8 учаскеде еріген қар суын өткізу үшін жол төсемін мәжбүрлі түрде бұзу бойынша жұмыстар жүргізілді. Жергілікті жолдар бойынша 12 облыста су басудың 333 жағдайы тіркелді. Жалпы ұзындығы 1 238 шақырымды құрайтын 90 учаскеде автокөлік құралдарының қозғалысына шектеу қойылды», – деді спикер.