Жұмылдырылған күштер мен құралдар 9,7 млн текше метрден астам еріген қар суын сорып шығарды, 2,4 млн қапшық және 1,2 млн тоннадан астам инертті материалды төседі. Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш осындай мәліметтерді жария етті. 

«Осы сағатта 13 543 адам өз үйлеріне оралды. 7 014 адам, оның ішінде 3 144 бала эвакуациялау пункттерінде. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 113 693 адам, оның ішінде 39 922 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 107 613 ауыл шаруашылық жануарлары қауіпсіз жерге айдалды. 3 570 тұрғын үй мен 2 195 аула аумағынан судың бағыты бұрылды», – деді спикер.

Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 708 жеке тұрғын үй, 1 609 аула аумағы және 2 035 саяжай үйлері су астында қалуда. 

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 34 мың адам, 4 242 техника, оның ішінде, 890 су сору құралы, 335 жүзу құралы, 19 әуе кемесі жұмылдырылды.