Атырау облысының Жылыой ауданындағы жағдай қатаң бақылауда. Құлсары қаласында Жем өзенінің су деңгейі тәулік ішінде 20 см-ге төмендеді. Су тасқыны басталғалы ол 136 см-ге дейін төмендеген. Барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс жасап жатыр. Бұл жайлы Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ресми өкілі Айсұлу Келдіғалиева ОКҚ брифингінде хабарлады.

Тасқын салдарын жою үшін 229 бірлік техника, 3066 адам жеке құрам, 17 бірлік жүзу құралдары, 31 бірлік мотопомпа жұмылдырылды. Құлсарыда 2748 тұрғын үй мен ғимарат әлі су астында. Су басқан үйлерден су тарту жұмыстары жүргізілуде. Су тасқыны басталғалы 30 мың текше метрден астам су тартылды. 190 мыңнан астам қап төселді. 200 тонна инертті материалдар құйылды. Тәулік бойы мониторинг жүріп жатыр. 

Су басу қаупі бар аумақтарды аэровизуалды тексеру жұмыстары жүргізілді. Индер, Махамбет аудандарында жаға бекітіліп жатыр. Береке, Сарытоғай елді мекендері де тексерілді. 

«Өзге өңірлерден гидрометеорология және геодезист мамандар шақырылып, Жайық өзенінің су деңгейіне баға берілді. Мамандар өз пікірімен бөлісті. Тиісті іс-шаралар қабылданады. Жалпы, жағдай қатаң бақылауда», – деді спикер.