Қарағанды өңірінде 29-наурыздан бастап волонтерлік штаб жұмыс атқарып жатыр. Су тасқыны кезеңінде облыс бойынша 10-нан астам ұйым, 250-ден астам волонтер жұмыс істейді. Олар су алған елді мекендерге барып, эвакуациялық пунктерге көмек көрсетуде. Волонтерлар таңғы сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін заттар жинап, оларды іріктеп, жәшіктерге салады. Шет ауданына 50 тонналық гуманитарлық көмек келіп түсті. Волонтерлар оны әрбір үйге, әрбір мұқтаж жанға жеткізіп отырды. Бұл жайлы Қарағанды облысы волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Ардана Мырзанова ОКҚ брифингінде айтып берді.

«Теміртау қаласы бойынша 4 күн бойы су болмай, волонтерлар мүгедектігі бар, қарт адамдарға үйлеріне дейін суды көтеріп беріп, 4 күн бойы жұмыс атқарды. Жоғалып кеткен балықшыны іздеу жұмыстарына жәрдемдесті. Шет ауданы бойынша қаптарға құм салу, бөгет тұрғызуға көп көмек берді. Осакаровка ауданында су алған үйлерге барып, адамдарға гуманитарлық көмек жеткізумен айналысып отырды», – деді ерікті.