Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан өңірінің таулы аумақтарындағы қар жамылғысы және ылғал қорының биіктігін, ауа температурасының жоғарлауы, оның ішінде түнгі уақытта және жауын-шашынның болуы мүмкіндігін ескере отырып, сәуір айының ортасынан бастап Бұқтырма, Үлбі, Үбі сынды таулы өзендерде су деңгейінің көтерілуі күтілуде. ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының аға инженері Аяулым Кекиева өңірдегі ахуал жайында ОКҚ брифингінде баяндады.
«Бүгінде қар жамылғысының ауданы 48%-ды құрайды. Көптеген ауданда қар қоры және ондағы судың мөлшері нормадан 1,5-2 есе жоғары. Су тасқыны қауіпі алынбайды, алайда қазір қатер жоқ. Су тасқыны жағдайын бақылау үшін тұрақты түрде аэровизуалдық тексерулер жүргізіледі», – деді спикер.
132 гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеуде. Бөгеттерде судың деңгейі алдын ала төмендетілген. Су тасқыны учаскелерін тәуліктік кезекшілік қойылған. Облыста жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Күштер мен құралдар әзірлікке келтірілді. Жағдай бақылауға алынған.