БҚО-да жергілікті ауқымдағы 6 төтенше жағдай жарияланған. Облыста 13 732 адам эвакуацияланды олардың 5703-і – балалар. Тұрғындардың басым бөлігі туған-туыстарының үйлеріне орналасты. 17 эвакуациялық пункте 2300 адам тұрып жатыр. Бұл туралы БҚО ТЖД ресми өкілі Нұржан Төлеуіш ОКҚ брифингінде мәлімдеді. 

Қазір облыста еріген қар суынан келетін қауіп жоқ. Басты қауіп Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі болып табылады. Сол себепті барлық күш Жайық өзенінің бойында орналасқан елді мекендерге жұмылдырылды. Жайық жағасын көтеру, нығайту жұмыстары жүріп жатыр. 

«Жайықтың жағасында 84 елді мекен орналасқан. Тұрғындарды алдын ала эвакуациялау, құлақтандыру және үйлерді аралау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазір облыста 9 елді мекен жол қатынасынсыз қалып отыр. 24 жолды шайып кету жағдай қатаң бақылауда. Қазір мұнда республикамыздың 7 өңірінен қосымша кұш-құралдар жіберілді. 6501 адам, 683 техника, 114 жүзу құралдары және 3 әуе кемесі келді. Орал қаласында Шаған және Деркөл өзендерінің деңгейін бақылайтын 6 пост орналасқан. Жайықтағы су деңгейі 7 метр, 79 см-ді құрап отыр. Оның қауіпті деңгейі 8,5 метр болып есептеледі», – деді спикер.