ШҚО-ның орта таулы аймағында және таулардың оңтүстік беткейлерінде қар жамылғысының еруіне байланысты облыста су тасқынының екінші толқыны басталды. Қазіргі уақытта облыстың солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс аудандарында (Риддер қ., Алтай, Самар, Марқакөл, Глубокое, Катонқарағай, Күршім, Шемонаиха аудандарында) су тасқыны қаупі туындауы мүмкін. Бұл туралы ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының аға инженері Аяулым Кекиева ОКҚ брифингінде мәлім етті.

Бүгінде облыстағы қар жамылғысының ауданы 44%-ды құрайды. Көптеген ауданда қар қоры мен судың мөлшері нормадан 1,5-2 есе жоғары. Барлық гидротехникалық құрылыс штаттық режимде жұмыс істеуде. Су тасқыны жағдайын уақытылы бақылау үшін тұрақты түрде аэровизуалдық тексерулер жүргізіледі. Мобильді топтар күн сайын тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Алдын алу іс-шараларының жоспарына сәйкес жағалауды нығайту және өзендердің түбін тереңдету, бөгеттер салу, қапшықтар төсеу жұмыстары аяқталды.

«Облыста жедел штаб жұмыс істейді. Барлық қызметтердің жұмысы үйлестірілді. Күш пен құралдар әзірлікке келтірілді. Жергілікті су басу жағдайлары бойынша суды сору және қапшықтарды төсеу бойынша шұғыл шаралар қабылданды. Су тасқыны жағдайы бақылауға алынған және тұрақты», – деді спикер.