Павлодар өңірінде тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылды. Облыстық штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Қазіргі таңда жағдай тұрақты. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың барлық өтінімдері толық көлемде өтелді. Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев ОКҚ алаңында осылай деп мәлімдеді.
«Демеушілік қаражат есебінен 98 млн теңгеге 120 отбасы өтемақы алды. Өңірде қалпына келтіруге келмейтін 7 үй тіркелді. Оның ішінде екі отбасыға сол елді мекенде басқа тұрғын үй сатып алынды. Ал, қалған 5 отбасы үшін жаңа үйлердің құрылысы басталды. Жұмыстарды 3 айда аяқтауды жоспарлап отырмыз. Дегенімен, біз осымен шектелмей, әрі қарай су тасқынынан зардап шеккен барлық елді мекендерді анықтау жұмыстарын жалғастырудамыз», – деді спикер.