Бүгінгі таңда Қостанай облысы бойынша су тасқыны жағдайы тұрақталды. Осыған орай, өңір «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысып жатыр.
«Осы аптада облыста ескерткіштердің аумағын тазарту, сондай-ақ бірқатар сәулет нысандарын ретке келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді, келесі аптада қалаларды және Қостанай облысының аудандарын көгалдандыру және тазалықты сақтау жөніндегі акцияны бірге жалғастырамыз», – деді А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Жастар саясаты басқармасының бастығы, волонтёр Диана Рақпанова Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.
Оның айтуынша, су тасқыны кезеңінде барлығы 10 мыңнан астам ерікті жұмылдырылды. Бүгінгі таңда еріктілердің барлық күші гуманитарлық көмекті қабылдау және тарату пункттеріне тасталды.
«Су тасқыны кезеңінде және бүгінгі күнге дейін гуманитарлық көмекті қабылдау мен таратудың 6 пункті ұйымдастырылды. Облыстың барлық аудандары мен қалаларынан, сондай-ақ республикадан зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек белсенді түрде жиналуда. Осы кезеңде гуманитарлық көмек Қырғызстаннан, Қордайдан, Жамбыл облысынан, Қарағанды облысынан, Астана, Лисаков қалаларынан, сондай-ақ Қостанайдың оқу орындарынан, ұйымдарынан түсті. Гуманитарлық көмек су тасқынынан зардап шеккен барлық аудандарға таратылады. Пунктте бірінші қажеттіліктегі тауарлар, азық-түлік, жеке гигиена заттары, күректер, сөмкелер, матрацтар, жастықтар, көрпе және т.б. бар», – деді спикер.
Сонымен қатар, су тасқыны салдарымен күресу, зардап шеккен елді мекендерге көмек көрсету мақсатында «Күшіміз бірлікте» акциясы жалғасуда. Оны барлық жастар ресурстық орталықтары, еріктілер, облыстың жоғары оқу орындары, саяси партиялар мен республикалық жастар ұйымдарының өкілдері, спортшылар қолдады.