ШҚО бойынша жағдай қалыпты және үнемі бақылауда. Облыстағы таулы аймақтарда қардың еру процесі басталды. Осыған байланысты тасқын су кезеңінің екінші толқыны күтіледі. Қазіргі уақытта су басу қаупін тудыруы мүмкін біраз аудан анықталды. Негізінен олар солтүстік-шығыс аймақтарда орналасқан Риддер, Алтай, Марқакөл, Глубокое, Қатон-Қарағай, Күршім, Шемонаиха сынды аудандар. Бұл туралы ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бас маманы Дина Бексұлтанова ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлім етті.
«Қар жамылғысының аумағы 44 %-ды құрайды. Барлық су тасқыны жағдайын уақытылы бақылауға алу үшін жергілікті атқарушы органдар және міндетті мемлекеттік органдардың қатысуымен үнемі аэровизуалдық тексерулер жүргізіліп жатыр. Арнайы мобильді топтар құрылды. Олар тәулік бойы мониторинг жүргізуде. Сонымен қатар аса қауіпті су тасқыны болуы мүмкін аудандарға ерекше назар аударылып отыр. Барлық гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істейді. Тасқын су басталмас бұрын Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе отырып, арнайы алдын алу шаралары жүргізілді. Су құбырларын, каналдар мен арықтарды тазалау сынды жұмыстар атқарылды. Инертті материалдар, жанар-жағармай қоры қалыптастырылды. Облыс бойынша жедел штаб құрылып, барлық қызметтердің күштері мен құралдары күшейтілген режимге көшірілді», – деді спикер.