Су тасқыны аймақтарынан эвакуацияланғандардың ішінде 674 адам әртүрлі созылмалы ауруларға шалдыққан, оларды медицина қызметкерлері бақылауда. Эвакуациялық пунктерде 4 мыңға жуық бала бар, оның ішінде 76 бала стационарлық көмек алады және 47 бала амбулаториялық ем алады.
«Бұдан басқа, ағымдағы аптада республикалық ғылыми орталықтардан жоғары дәрежелі бейінді мамандардың, Денсаулық сақтау министрлігінің мамандарының су тасқыны аймақтарындағы тұрғындарға консультациялық көмек көрсету және медицина қызметкерлерін әдіснамалық қолдау үшін өңірлерге сапарлары ұйымдастырылды. Мәселен, Маңғыстау облысына сапар барысында дәрігерлер тобы стационарлық емделу мен амбулаториялық емделуде жүрген 270-тен астам пациентке консультация берді. Батыс Қазақстан облысында, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында сарапшылар 20-дан астам медициналық ұйымға барып, 550-ден астам пациентке консультация берді», – деді спикер.
Уақытша орналастыру пунктеріндегі санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына санитариялық талаптарды сақтауға, тамақтану жағдайларын қадағалауға, жаппай тамақтан уланудың алдын алуға ерекше назар аудару тапсырылды. Эвакопункттерде жіті ішек инфекциялары, «А» вирустық гепатиті жағдайлары тіркелген жоқ.
Сондай-ақ ведомствоның ресми өкілі Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының тетіктеріне тоқталды. Бұл құжат медициналық кәсіптің мәртебесін көтеруге және медицина қызметкерлерін құқықтық және қаржылық қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
«Заңда «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы - Мемлекеттік наградасын беру көзделген. Тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда медицина қызметкерлерінің балаларына арналған орындарды басым тәртіппен алуға құқықтар берілді. Медициналық мамандық бойынша әскери қызмет өткеру немесе әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру құқығы берілді. Ауылдық жерге 5 жыл және одан да көп мерзімге жұмысқа келген аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлеріне ең төменгі жалақының жүз еселенген мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем жүзеге асырылатын болады (бүгінгі күні бұл 8,5 млн теңге)», – деді Ә.Оразалиева.