Резерв ретінде балалар мен олардың ата-аналары үшін қосымша 7094 орын әзірленді. Оқушылар қажетті оқу құралдарымен, тамақтанумен және киіммен қамтамасыз етілді. Қазақстан темір жолымен бірге балаларды сауықтыру орталықтарына тегін тасымалдау ұйымдастырылды.
«Сонымен қатар, зардап шеккен өңірлердегі балалар үшін емтихан тапсыру мерзімдері қайта қаралды. Бұдан бұрын Ақтөбе және Атырау облыстарында ТЖБ мен БЖБ өткізілмейтіні хабарланды. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысының зардап шеккен ауылдарында тұратын балалар үшін де ТЖБ мен БЖБ алып тастау туралы шешім қабылданды. Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында шешім жағдайға қарай қабылданатын болады»,-деді спикер.
Қазіргі уақытта келтірілген шығынды анықтау және су тасқынынан зардап шеккен педагогтердің тізімін құру жұмыстары жүргізілуде. Жекеменшік білім беру ұйымдарының қауымдастығы зардап шеккендерге көмек қорын ашты. Ұсынылған деректерге сәйкес, бүгінгі таңда 12 млн теңгеден астам қаржы жиналған.