Облыстың ішкі өзендерінің басым бөлігінде су тасуының шыңы өтті. 21 сәуір сағат 12.00-дегі жағдай бойынша Жайық өзенінде Орал қаласының гидрологиялық бекетінде су деңгейі 854 см-ге жетті, қауіпті деңгей 850 см болып саналады. Таңертең Иреклі су қоймасынан секундына 294 текше метр су жіберілді. Бұл туралы ОКҚ брифингінде «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова хабарлады.
«Сондай-ақ Жайық өзенінің саласы бұл өзен ағынының 50%-н құрайтын Сақмара өзенін де ескеру қажет. 21.04.2024 ж.сағат 08:00 – дегі жағдай бойынша Сакмара-Тат өзеніндегі гидробекет су деңгейі 877 см –ді (қауіпті деңгей - 860 см) құрады, тәулігіне су деңгейінің 9 см – ге өзгеруі байқалды. Орал қаласының Орал өзеніндегі гидрологиялық бекеттің шектік белгісі 850 см-ді құрайды, су одан асып кеткен кезде Шаған өзеніне кері ағады. Бұл Орал қаласының саяжайларын су басуға әкеп соқтырады. Сондай - ақ Жайық өзенінің бойында орналасқан Бөрлі, Бәйтерек, Теректі, Ақжайық аудандарындағы елді мекендерге де су келеді деген қауіп бар», - деді спикер.
Батыс Қазақстан облысында 23, 25-ші сәуірде күндіз, 26 - сәуір күні тәулік бойы жаңбыр жауады деп болжануда. Түнде ауа температурасы 12-17 градустан 4-9 градусқа дейін төмендеп, аптаның соңында плюс 7-12 градусқа дейін көтеріледі.