БҚО Жайық өзеніндегі су деңгейіне мониторинг жүргізіліп жатыр. Азаматтарды құлақтандыру және телерадио арқылы хабарландыру әр төрт сағат сайын жүргізілуде. Өңірге ТЖМ қосымша күштері мен құралдары тартылуда. Олар учаскелерге бөлініп, жұмысқа кірісті. Бұл туралы ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп ОКҚ брифингінде хабарлады. 

«Өткен тәулікте Стеновик саяжайында 4 адам құтқарылды. 61 адам эвакуацияланды. Қалған тұрғындар бұған дейін алдын ала эвакуацияланған. 1497 адам уақытша орналасу пунктерінде, қалғаны туыстарының үйлеріне орналасты. Саяжай үйлерінде қалып қойған адамдардың бар-жоғын тексеру үшін аралау жұмыстары жүріп жатыр», – деді спикер. 

Осы сағатта елімізде 23 085 адам өз үйлеріне оралды. 8872 адам, оның ішінде 3852 бала эвакуациялық пунктерде орналасқан. 4554 тұрғын үй, 2767 аула аумағында су бағыты бұрылды. 11,4 млн текше метрден астам еріген қар суы сорып шығарылды. 5,3 млн қапшық және 1,4 млн тоннадан астам инертті материалдар төселеді. 

Жедел желі телефонына 2132 қоңырау келіп түсті. Авариялық-құтқару және тасқын салдарын жою жұмыстарына 33 852 адам  4972 техника жұмылдырылды.