ШҚО-ның орташа таулы аймақтары және таулардың оңтүстік беткейлерінде қар жамылғысының еруіне байланысты облыста су деңгейі көтеріледі деген болжам бар. Қазіргі уақытта су тасқыны құбылыстарының қаупі облыстың солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс аудандарында бар. Бұл туралы ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының маманы Аяулым Кекиева ОКҚ алаңында мәлімдеді.
Өңірде барлық гидротехникалық құрылыс штаттық режимде жұмыс істейді. Гидрологиялық бекеттерде су деңгейі төмен.
«Су тасқыны жағдайын уақытылы бағалау үшін тұрақты негізде таулы өңірлерде аэровизуалды тексерулер жүргізіледі. Жергілікті атқарушы органдармен арнайы мобильді топтар құрылды. Олар күн сайын су тсқыны учаскелеріне бақылау жүргізеді. Бақылау нәтижесін облыстық штабқа жеткізіп отырады», – деді спикер.
Алдын алу іс-шараларының жоспарына сәйкес жағалауды нығайту және өзен түбін тереңдету жұмыстары, бөгеттер салу, қапшықтар төсеу жұмыстары жүргізілуде. Өзен арналарды, арықтар мен көпірлерді тазарту бойынша жоспарланған жұмыстарды толық аяқталды. Облыстық жедел штаб жұмыс істейді, барлық қызметтердің жұмысы үйлестіріледі. Күштер мен құралдар әзірлікке келтірілді.