Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқынының шыңы өтті, жағдай тұрақталып келеді. Сергеев су қоймасындағы бөгеттен асқан су деңгейі 363 см жеткен болатын, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 298 см-ге тең. Бұл туралы СҚО әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Серік Ғайсин айтты.
«Қала маңында судың сәл көтерілуі байқалады, бірақ ол қауіпті емес. Су деңгейі 2-4 см-ге көтеріледі, мұның бәрі тәулік бойы бақылауымызда. Бұдан былай үйлердің су басуына жол бермейміз», – деді спикер.
Бүгінгі таңда 2 349 отбасы жалпы сомасы 867,3 млн теңгеге тең 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды.
Аудандарда және Петропавл қаласында зардап шеккен тұрғын үйді бағалау бойынша бригадалар құрылды. 215 үй тексерілді. Қалғандары су кеткеннен кейін тексеріледі.