«Жергілікті жерлерде үкіметтің мобильді бригадалары жұмыс істейді, егер құжаттар болмаса, оларды тезірек рәсімдеуді қамтамасыз етеді. Егер бұл мүмкін болмаса, онда ол 2-3 куәгердің және ЖАО тұрғын үй комиссиясының көмегімен расталады. Онда тұратын адамдар емханаларда тіркелген, балалар мектепке барады. Құжаттары түгел болмаса да, біз әлеуметтік органдардың ақпаратына сүйене отырып, тұрғын үймен қамтамасыз ету түрінде көмек көрсету туралы шешім қабылдаймыз (жергілікті атқарушы орган жасайды)», - деді министр.
Оның айтуынша, су басқан аймақтарда 12 мыңға жуық тұрғын үй болған. Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдар үйді жөндеуге бола ма, жоқ па, әлде басқа тұрғын үй беріле ме, осы мәселелер бойынша техникалық тексеру жүргізілуде.
«Біз суға кеткен 3,5 мыңға жуық үйді тексердік. Техникалық зерттеулердің соңғы нәтижелерін, ЖАО комиссияларының қорытындыларын күтпестен, кейбір өңірлерде құрылысты бастадық. Мысалы, Ақтөбе облысында Қобда кентінде 100-ге жуық үйдің құрылысы басталды. СҚО-да 100 үй салынып жатыр», - деді Қанат Шарлапаев.