Су тасқыны басталғалы бері ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында  тұрғындарды қарап,  медициналық көмек көрсетті. 

«Көмекке жүгінгендердің жалпы саны 800-ге жуық адам. Қазіргі уақытта Апаттар медицинасы орталығының 7 бригадасы Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындарына көмек көрсетуде, сондай-ақ  ТЖМ психологтары эвакуациялық пункттерде азаматтармен жұмыс жүргізуде. Жедел желі телефонына 2 258 қоңырау түсті», - деді ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Осы сағатта республика бойынша 41 195 адам өз үйлеріне оралды. 6 377 адам эвакуациялау пункттерінде. Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 7 184 тұрғын үй мен 2 844 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 

Елімізде республикалық және барлық өңірде облыстық жедел штабтар жұмыстарын жалғастыруда.