СҚО-ғы жағдай әлі де бақылауда. Сергеев су қоймасындағы су деңгейі 1 метр 38 см-ді құрап, 25 %-ға толды. Ал, судың қауіпті деңгейі 150 см-ді құрайды. Тәулік ішінде су 11 см-ге төмендеді. Покровка ауылындағы гидробекеттегі су деңгейі соңғы тәулікте 51 см-ге, Новоникольское ауылыныда 24 см-ге төмендеді. Бұл өңірдегі су тасқынының екінші толқынының өткенін айқындайды. Алдағы уақытта үйлерді су алмайды деген болжам бар. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жазира Қожахметова ОКҚ алаңында хабарлады.
«Су тасқыны басталғалы 3889 үйді су басып, оның 712-нен су кетті қазіргі сәтте. Бүгінгі күні 3186 үй және 750 үй маңындағы аула суда тұр. Облыс бойынша 14 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Олардың 3596-сы – бала. 764 адам үйлеріне қайтты. Олардың 200-і –бала», – деді спикер.
Эвакуациялық пунктерде 906 адам орналастырылған. 12 718 адам туыстарының үйлерінде. Төтенше жағдайды жоюға 393 адам, 58 техника,15 су сорғысы, 16 жүзу құралы тартылған. Бұл топтар Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласында шоғырланған. Жалпы облыс бойынша 70 жол учаскесін су басқан. Қазір олардың 2-і қауіпті жағдайда. Арықтар тазаланды. 339 мың қап инерттік материал төселді, 291 мың қап дайын тұр. 172 шақырымнан астам арналар кеңейтіліп, тереңдетілді. Бөгеттер салынып, 25 шақырымы нығайтылды. 9 870 тонна инерттік материал шашылды. Құтқарушылар мен полицейлер патруль жасап жатыр. Олар су деңгейін бақылап, сырқаттанған адамдарды дереу медициналық бекеттерге жеткізеді.