Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны шыңы өтті. 3 898 үй су астында қалып, 2 830 үйден су әлі кеткен жоқ. Барлығы 14 388 адам эвакуацияланды. Үйлеріне 5 567 адам оралды, 8 821 адам әлі эвакуациялық пункте.

СҚО әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Серік Ғайсин атап өткендей, су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу жөніндегі арнайы құрылған комиссияларға 3 897 өтініш келіп түсті. 3 443 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды,төленген қаражаттың жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеден асты. 390 үй тексерілді, 148 бағалау жүргізілді, 23 –і қалпына келтіруге жатады.

«Қазір аталған шағын аудандарда аумақты тазарту жұмыстары басталды. Бүгіннен бастап Кожевенный мен Подгораға қалпына келтіру-жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін техникалары бар механикалық бригадалар бекітілген аудандарға келеді. Сондай-ақ Солнечный-2 шағын ауданында зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. «Қазақстан халқына» қорының қаражатына 10 жергілікті компания 100 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. Жаңа шағын ауданда су тасқынынан зардап шеккендерге арналған жалпы 500 үй салынады. Барлық жұмыстар күн суыта бастағанға дейін аяқталады», – деп сендірді спикер.

Облысқа республика өңірлерінен, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Тәжікстаннан 1 473 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Су тасқыны жағдайы жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.