БҚО облысы бойынша жағдай тұрақталып келеді. Жайық өзеніндегі су деңгейі түсіп жатыр. Соңғы тәулікте 7 см-ге түсті. Судың қазіргі деңгейі - 8 м 6 см. Сол себепті елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. БҚО ТЖД ресми өкілі Нұржан Төлеуіш ОКҚ брифингінде осылай деп мәлімдеді.
«Облыс бойынша жол-көлік қатынасынсыз 2 елді мекен қалып отыр. Ақжайық және Теректі аудандары бойынша 11 жол шаю оқиғасы қатаң бақылауда. Су тасқыны кезеңінде 14 078 адам эвакуацияланды. Оның 5 813-і - 18 жасқа толмаған балалар. 12 эвакуациялық пункте 2 324 адам қалып отыр, оның 1014-і – бала», – деді спикер.
5 сәуірден бері облыстық штабқа 1,4 млн тоннадан астам гуманитарлық көмек келіп жетті. 1,2 млн текше метрден астам еріген қар суы сорылды, 1,3 млн астам дана қапшық, 26 645 тонна инертті материал төселді. Жалпы, облыс бойынша барлық жұмысқа 899 адам, 177 бірлік техника, 24 су сору құралы, 19 жүзу құралы және 1 әуе кемесі жұмылдырылған.
Қазір БҚО Тайпақ ауылында Жайық өзенінің су деңгейі көтерілгені байқалады. Соңғы тәулікте су 55 см-ге дейін көтерілді. Қазіргі деңгейі - 8 м 5см. Жалпы, облыс бойынша жағдай тұрақты және қатаң бақылауда.