ТЖМ өкілі Асқар Шәріп Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында сағат 16.00 жағдайындағы елдегі су тасқыны ахуалы туралы хабарлады. Оның айтуынша, Атырау қаласы мен Атырау облысының Құрманғазы ауданында Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг және жағалауды нығайту жұмыстары жалғасуда. Тәулігіне Құлсары қаласында 150 мың текше метр су сорылды. Қалған 216 үйден суды шығару жұмыстары жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының Зубовск кентінде 18 аула аумағынан су бұрылып, айдалды. Жағалауды нығайту, су басқан аумақтардан суды айдау жұмыстары және өзен деңгейін бақылау жалғасуда.
Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда. Тәулігіне жылжымалы сорғы станциялары мен мотопомпалардың көмегімен 356 су басқан үйден су шығарылып, тартылды, барлығы 27 мың текше метрден астам су сорылды.
«Республика бойынша 8 189 тұрғын үй мен 2 988 аула аумағынан су тартылып, айдалды. 14 млн текше метрден астам еріген су сорылды, 7,7 млн астам қапшық және 1,5 млн тонна инертті материал төселді», - деді спикер.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға барлығы 14 мыңнан астам адам және 1,5 мыңнан астам техника, 244 су сорғыш және 79 жүзу құралы, 4 әуе кемесі жұмылдырылды. Өңірлерге әуе, теміржол және автокөлікпен 7 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізілді.