ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп атап өткендей, Атырау облысының Құлсары қаласында мотопомпалардың және жылжымалы сорғы станциялардың көмегімен қалған су басқан 20 үйден су сору жұмыстары жалғастырылуда. ТЖМ 20982 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Құлсары қаласында дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде. Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында су басқан аумақтардан су сору жұмыстары жалғастырылуда. Өткен тәулікте 184 үйден судың бағыты бұрылып, су сорылды.
«Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құйлыс ауылында Торғай өзені су деңгейінің біртіндеп көтерілуіне байланысты ұзындығы 2,5 км бөгет тұрғызу жұмыстары жүргізілуде. 30 мыңнан астам қапшық пен 19 мың тоннадан астам инертті материал төселді. Су деңгейіне сағат сайын мониторинг жүргізілуде. Жағдай ерекше бақылауда», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Республика бойынша 8 958 тұрғын үй мен 2 994 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 49 945 адам өз үйлеріне оралды.