Батыс Қазақстан облысында су тасқыны қаупі сейілді. Жайық өзеніндегі су деңгейі қауіпті межесінен күннен-күнге түсіп келе жатыр. Қазір ол қауіпті межеден 1 метрге дейін түсті. Тек Ақжайық ауданындағы Тайпақ елді мекенінде ғана су деңгейінің көтерілгені байқалады. Қазіргі көрсеткіш - 9 м 23 см. Мұнда дамбалар салынып, қауіпсіздік күшейтілуде. БҚО ТЖД ресми өкілі Нұржан Төлеуіш ОКҚ брифингінде осылай деп мәлімдеді. 

«Облыс бойынша жол-көлік қатынасынсыз 1 елді мекен қалып отыр. Ол- Ақжайық ауданындағы Тасоба елді мекені. Бұл елді мекен қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтылған. Елді мекен тұрғындарына төніп тұрған қауіп жоқ. Жол шаю оқиғасы қатаң бақылауда», – деді спикер.

Өңірде 14 078 адам эвакуацияланған. Оның 5 813-і  - 18 жасқа толмаған балалар. Эвакуациялық пунктерде 2 330 адам орналасқан, оның 1009-ы балалар. 4359 адам өз үйлеріне оралды. 7383 адам туысқандарының үйінде. 5 сәуірден бері облыстық штабқа 1,495 млн тонна гуманитарлық көмек келіп жетті. 1 сәуірден бастап 1,653 млн текше метрден астам еріген қар суы сорылды, 1 381 млн астам дана қапшық төселді, 26 мың тоннадан астам инертті материал төселді. Жалпы, облыс бойынша барлық жұмысқа 712 адам, 123 бірлік техника, 20 су сору құралы, 18 жүзу құралы жұмылдырылған. Жалпы, облыс бойынша жағдай тұрақты және қатаң бақылауда.