Оның хабарлауынша, тағы 5 008 өтінім жолдану процесінде. Яғни, мемлекеттік дерекқорлармен сәйкестендіру жүргізілуде және жүйе өтінімдерге ЭЦҚ көмегімен үміткерлердің қол қоюын күтуде. 2008 өтінім қолмен тексерілді. «Баспана маркет» платформасы сағатына 400 өтінім қабылдай алады. Өтінім беруге 2 ай мерзім берілген. Қабылдау маусым айының соңына дейін жалғасады. Нәтижелер барлық өтінім қабылданғаннан кейін шығарылады.
«Өтінімдер бойынша ұпайлар берілетіні белгілі. Көп ұпай жинаған кісілер тізімге енеді. Салым бойынша сыйақы мөлшерінің әрбір 1000 теңгесі үшін 1 ұпай беріледі. Некенің болуы – 5 ұпай, балалардың болуы – 10 ұпай. Бұл жерде балалардың санына назар аударылмайды. Халықтың осал топтары болса, кезекте тұрған болса, оларға 10 ұпай беріледі. 35 жасқа дейінгі жастарға 5 ұпай беріледі. Егер қатысушылардың ұпай саны сәйкес келіп қалса, онда тізімге енгізу кезінде басымдық салым сомасы кімде көп және кімнің жинақтау мерзімі ұзақтау болса, соларға басымдық беріледі. Саралаудан кейін банк клиенттерге бағдарлама бойынша өтпеген азаматтардың тізімін жариялайды», – деді спикер.
Оң нәтиже алған өтінім берушілерге баспана іздеуге 6 ай уақыт беріледі. Алғашқы жарна – 20%. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме – 7%, азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме – 9%. Несиелендіру мерзімі – 19 ай. Алғашқы нарықтан тұрғын үй, оның ішінде елімізде кепілдендірілген үлестік шарттар жасасуға құқылы компаниялар мен сақтандыру құралдары бойынша үйлер ала алады. Моноқалалар мен ауылдарда екінші нарықтағы тұрғын үй алуға мүмкіндік бар.