Биыл 22 мыңнан астам мектепке дейінгі, орта білім, техникалық және кәсіптік білім ошақтары оқу жылын аяқтайды. Бұл ұйымдарда осы оқу жылында 5 миллионнан астам бала білім мен тәрбие алды. 341 мыңнан астам түлек 9-сыныпты аяқтайды, олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайтын болады. Бұл туралы оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева ОКҚ алаңында мәлімдеді.
Оның айтуынша, 11-сыныпты 186 мыңнан астам түлек бітіреді. ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі 2024 жылдың 25 мамырында аяқталады. 24 мамырда республиканың барлық мектебінде 1-10 сыныптар оқушыларына «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Сынып сағатының мақсаты: балаларды жыл бойы алған білімінің нәтижесін қорытындылай білуге тәрбиелеу.
«Сондай-ақ 25 мамыр күні мектеп түлектерінің қатысуымен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара мектеп қабырғасында өткізіледі. Салтанатты іс-шараны өткізу форматын, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары өздері анықтайды. Бастауыш сынып оқушылары мамыр айының соңғы күндерінен дәстүрлі түрде жазғы демалысқа шығады. Ал 5-11 сынып оқушыларына 27 мамырдан бастап емтихандар өткізіледі. Емтихандар аяқталған соң олар да жазғы демалысқа шығады», – деді спикер.
Биыл алғашқы рет білім алушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында 5-8, 10 - сыныптар аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен аралық емтихандар өткізіледі.