Оның хабарлауынша, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке қолдау мен көмек көрсететін тәлімгерлік институты енгізілді. Жуырда қабылданған «әйелдер мен балалардың құқығын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі» заң аясында балаларға зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті күшейтетін нормалар енгізілді.  

«Сондай-ақ осы заң аясында психологиялық қолдау орталықтарын құру туралы әкімдіктердің өкілеттіктері айқындалды. Балалар арасындағы буллинг, кибербулинг проблемаларын шешуде психологиялық қолдау қызметтің рөлі өте зор. Осы мақсатта қазірдің өзінде еліміздің 14 өңірінде Психологиялық қолдау орталығы ашылды. Осындай орталықтар барлық өңірлерде ашылатын болады. Бұдан бөлек, әрбір мектепте буллингке қарсы бағдарлама енгізу жоспарланып отыр. Халықаралық озық тәжірибеге негізделген бағдарлама пилоттық режимде 110 мектепке енгізілетін болады», – деді спикер.

Балалардың құқықтарын қорғау саласында тәуелсіз құқық қорғау институтын нығайту мақсатында бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесі заңмен бекітілді.