Батыс Қазақстан облысында осы күнге дейін су тасқынынан зардап шеккен 8882 отбасыға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 3,2 млрд теңге біржолғы әлеуметтік көмек берілді, деп хабарлайды өңір әкімдігі.
Бұдан бөлек, тұрғындарының шығынын есептеу жөніндегі комиссия қорытындысы бойынша тұрғын үйлерін жөндеуге 253 отбасыға 422 млн теңге қаржы төленді. Алдағы уақытта тұрғындардан түскен өтініштер негізінде төлемдерді беру жалғасуда.
Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Бөрлі ауданында 58 үй, Теректі ауданында 5 үй сатып алынады. Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккен саяжай тұрғындарының шығынын есептеу және материалдық көмек төлеу жөніндегі комиссия штаттық режимде жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта Орал қаласындағы саяжай тұрғындарының шығынын есептеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстанда су тасқыны салдарынан зардап шеккен Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының тұрғындары үшін салынатын 395 үйдің 377-сінің құрылысы жүріп жатыр.