Конкурсқа қатысу өтінімдерін Birgemiz жобаларын жүзеге асыратын 8 үкіметтік емес ұйым қабылдауда. Birgemiz гранттар бағдарламасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-тың қолдауымен үшінші жыл қатарынан табысты жүзеге асырылуда. Бұл мемлекеттік гранттарды еріктілер болып табылатын кәмелетке толған қазақстандықтар, сондай-ақ бастамашыл топтар мен ҮЕҰ ала алады. Биылғы жылы конкурс аясында әрқайсысы 300 мың теңгені құрайтын 240 шағын грант беріледі.

Birgemiz жобасының еріктілер бастамалары келесі бағыттарды қамтиды:

  • BIRGEMIZ: Bilim;
  • BIRGEMIZ: Saýlyq;
  • BIRGEMIZ: Sabaqtastyq;
  • BIRGEMIZ: Taza Álem;
  • BIRGEMIZ: Asyl mura;
  • BIRGEMIZ: Qamqor;
  • BIRGEMIZ: Úmit;
  • BIRGEMIZ: Ayala.

Өтінімдерді қабылдау 2024 жылғы 31 мамырға дейін ұзартылды. Ал конкурстың қорытындыларын шығару және іріктеу нәтижелерін жариялау 2024 жылғы 18 маусым күні өтеді.

Конкурсқа қатысу үшін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының сайтында көрсетілген құжаттардың толық пакетін дайындау және тапсыру қажет. Қосымша ақпарат пен ұйымдастырушылардың байланыстарын https://cisc.kz/ сайтынан табуға болады.