ТЖ Министрінің тапсырмасына сәйкес, оқу жылының аяқталуына байланысты құтқарушылар балалардың судағы қауіпсіздігін ерекше назарға алды. Ауқымды үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылды, құтқару бөлімшелері қосымша қажетті құралдармен жабдықталды.
«Шомылу маусымы кезеңінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері республикалық деңгейде Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысында қаралды. Өңірлерде – облыстық ТЖ комиссиялары деңгейінде. Төтенше жағдайлар министрінің 13 наурыздағы бұйрығымен мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Жыл басынан бері ауқымды ақпараттық-ағарту науқаны белсенді жүргізілуде», –деді спикер.
Шомылу маусымы басталғанға дейін телевизия арқылы 1,2 мыңнан астам сюжет көрсетіліп, радиода 2 мыңнан астам баяндама жарияланды, газеттерде 1784 мақала және әлеуметтік желілерде 5 мыңнан астам пост шықты. Өткізілген іс-шаралармен 4,7 млн адам, оның ішінде 1,2 млн-ға жуық бала қамтылды.