«Бала құқықтары туралы» және «Білім туралы» заңдарды қоса алғанда, Қазақстанның ұлттық заңнамалық базасы – бұл балалардың өркендеген және қауіпсіз балалық шағы құрылатын құқық қорғау саласы.
«2022 жылдан бастап енгізіліп жатқан Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі оң нәтижелерді көрсетуде. Ойын және түрлі іс-шаралар арқылы білім беру процесін ұйымдастыру балалардың физикалық, интеллектуалдық және жеке дамуына оңтайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру саласында балаларды ерте жастан тәрбиелеу мәселелері бойынша педагогтер мен ата-аналарға бейімделген бағдарлама әзірленіп жатыр. Бағдарламаның мазмұны мәдени дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарды ескере отырып жасалды», - деді спикер.
Оның айтуынша, еліміздің 7 мыңнан астам мектебінде 3,8 млн бала оқиды. Бұл саладағы негізгі проблема - орын тапшылығы, үш ауысымдылық және апатты мектептер. Бұл ретте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. Жоба толық іске асырылғанда жоғарыда аталған мәселелер толығымен шешімін табады. Бұл шаралар балалардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған. 2025 жылға қарай балалар 100% техникалық және кәсіптік біліммен қамтылады. Бизнеспен ынтымақтастықта өзара іс-қимылдың түрлі нысандары қолданылады: дуальды оқыту, кәсіпорындардың колледждерге қамқорлығы, мақсатты мемлекеттік тапсырыс.
«Біздің міндеттеріміздің бірі – балалардың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын қамтамасыз ету. 21 мың жетім баланың 17 600-ы қазақстандық отбасыларда тәрбиеленуде. Жыл сайын Қазақстан азаматтары отбасына 1 мыңнан астам жетім баланы қабылдайды. Тәлімгерлік институты енгізілді: елде 300-ден астам адам жетім балаларға тәлімгер болды. Мемлекеттің басым міндеті - балаларды көшеде, үйде және мектепте қауіпті жағдайлардан қорғау. Сондықтан балалар нысандарында бұрын-соңды болмаған кешенді қауіпсіздік шаралары жүзеге асырылуда», - деді спикер.
Осылайша, мемлекеттік білім беру ұйымдарының 100% қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген, ЖБО-ға қосылған, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілген, дабыл түймелерімен жабдықталған. Министрлік үшін білім беру ұйымындағы қауіпсіз орта тек техникалық қауіпсіздік құралдарымен ғана шектеліп қоймай, баланың эмоционалдық күйін де қамтиды.
Достық, жауаптылық және өзара сыйластық дағдыларын қалыптастыру негізінде мектеп ортасында оң қарым-қатынастарды қалыптастыру үшін білім беру ұйымдарында «Досболlike» акциясы өткізілді. Акцияның жалғасы еліміздің 8 өңірінде «Досболlike» буллингке қарсы бағдарламасын пилоттау болды.
«Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары іске асырылуда, оған балалық шақты қорғаудың маңызды бастамалары кірді. Аймақтық психологиялық қолдау орталықтарын дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл балалардың кәсіби психологиялық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осындай 14 орталық жұмыс істейді. Балалардың зорлық-зомбылықтан зардап шегуін алдын алу, анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі қабылданды. Балалардың әл-ауқатын және түрлі салалардағы балаларға жағдай жасауға бағытталған ұлттық саясаттың тиімділігінің дәрежесін бағалау үшін Балалардың әл-ауқатының индексі әзірленіп, енгізілді. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Бұдан басқа, өңірлік балалар омбудсмендерінің балалық шақ саласындағы құқық қорғау институтының мәртебесі бекітілді. Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111» мемлекеттік бірыңғай сенім телефоны құрылды. Сондай-ақ баланы автобустан түсіруге тыйым салуды көздейтін нормалар енгізілді», - деді ведомство өкілі іске асырылып жатқан шаралар туралы.
Бұдан бөлек, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды, оның шеңберінде Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалар арасында бөлінеді. Кәмелетке толғаннан кейін қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады.