Жүздесуде Алматы қаласындағы және еліміздегі жол инфрақұрылымын дамыту перспективалары, инновациялық технологияларды енгізу және аталған салаға маман даярлау мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысына қалалардың қарқынды дамуына байланысты туындаған, көлік инфрақұрылымына айтарлықтай салмақ түсіретін басты проблемалар мен сын-қатерлер туралы мәлімет беріліп, оларды шешу жолдары жөнінде баяндалды.

Атап айтқанда, Бағдат Телтаев жол құрылысына құрамында полимер қосындылары бар асфальтбетон қолдану тәжірибесінің сәтті өткенін жеткізді. Жүргізілген сынақ нәтижесінде аталған технология жолдың ойылуына және жарықшақтардың пайда болуына, сондай-ақ тағы да басқа климаттық әсерлерге төзімді екені анықталды. 

Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саланы дамытуға қосқан үлесі үшін Бағдат Телтаевқа ризашылығын білдіріп, жол инфрақұрылымының сапасы мен қауіпсіздігін жақсарту үшін ғылыми зерттеулерді жалғастырудың және жол құрылысына озық технологияларды енгізудің маңызды екеніне назар аударды. Айтылған ұсыныстар негізінде Үкіметке және салалық министрлікке тиісті тапсырмалар беріледі.