Үкіметте зиянкестермен күресу бойынша қазіргі жағдай шегірткеге қарсы қорғаныс шараларын үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штабтың үшінші отырысында талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров төрағалық етті.

31 мамырдағы жағдай бойынша Түркістан облысында 259,3 мың гектар жерде марокко шегірткесінің дернәсілдеріне қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл болжамды көлемнің 95,5%-ы. Жамбыл облысында қорғау шаралары толығымен аяқталды: 9,8 мың га немесе 100% өңделді.

Италиялық прусқа қарсы қорғаныс шаралары басталды. 2,2 млн гектардың 144,1 мың гектары Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстарында өңделді. Басқа аймақтарда италиялық прусқа қарсы химиялық өңдеу дернәсілдердің пайда болу орындары анықталған кезде басталады. Пестицидтер барлық өңірлерге қажетті көлемде жеткізілді.

Жетісу облысында азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары басталды. Мұнда 950 гектардан 200 га өңделді.

Шегірткеге қарсы өңделуі тиіс алаңдардың ең үлкені Ақтөбе (784,4 мың га) және Қостанай (775,6 мың га) облыстарында орналасқан. Әкімдіктердің мәліметінше, дәл қазір осы облыстардың оңтүстік аудандарында италиялық прус дернәсілдерінің белсенді түрде пайда болу кезеңі жүріп жатыр. Алайда, өңірлер бұған дайын отыр.

Мысалы, Қостанай облысында өңдеу жұмыстары өңірдің 17 ауданының 15-де жүргізілетін болады. Ол үшін 72 бірлік техника жұмылдырылады. Нақты таралу орындарын анықтау үшін мониторингтік іс-шаралар 5 млн гектарға жуық аумақта жоспарланған. Бұл жұмыстарға 129 тексеруші тартылатын болады. Сонымен қатар әрбір ауылдық округте химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін уақытша жұмысшыларды қабылдау және оларды оқыту жұмыстары қолға алынған. Қазірдің өзінде 326 адам тартылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Айдарбек Сапаров өңірлік штабтарға Мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық бөлімшелерін жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-күйі туралы күн сайын хабардар етуді тапсырды. Қажет болған жағдайда бірден қосымша техника тартып, уақытша жұмысшыларды мүмкіндігінше көбірек тарту тапсырылды. Түркістан облысында қосымша жою жұмыстары жүргізілуі қажет.