«Осы жылдан бастап мектеп түлектері аттестаттарын цифрлық нұсқада ала бастайды. Ол үшін eGovMobile мобильді қосымшасындағы «Bilim» сервисіне өту керек, мұнда «Менің балаларым» бөлімінде ата-аналар мен заңды өкілдері үшін кәмелетке толмаған балалардың құжаттары қолжетімді болады», - дейді цифрландыру департаменті директорының міндетін атқарушы Майра Маралбаева.
Осыдан бір ай бұрын ҚР Оқу-ағарту министрлігі eGovMobile мобильді қосымшасында «Bilim» жаңа сервисін іске қосқан болатын. Мұнда білім туралы мәліметтер, цифрлық құжаттар берілген бірнеше бөлім бар. Ал бір жыл бұрын қосымшада колледж дипломдары QR-кодпен беріле бастады.