ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында «Astana Hub IT-стартаптардың халықаралық технопаркі» Корпоративтік Қорының Басқарушы директоры Дания Ахметова атап өткендей, бағдарламаның бірінші легі аясында 2023 жылы Қазақстанның түкпір-түкпірінен 2634 әйел қатысуға өтінім берді.
Олардың ішінде 900-ден астам жұмыссыз әйел, бала күтімімен үйде отырған 400-ден астам ана, 500 студент және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 700 әйел бар. Бағдарлама түлектері веб-сайттар мен қосымшалар сынды өздерінің IT өнімдерін жасай алды, бұл олардың қаржылық тәуелсіздігі мен кәсіби өсуіне маңызды қадам болды.
«Биыл жұмыссыздар ғана емес, барлық ниет білдірген әйел тегін оқудан өте алады. Жобаның екінші легі аясында ұсынылатын курстарға No Code School кіреді: веб-сайттар, мобильді қосымшалар, чатботтар және басқа да сандық өнімді код жазусыз құру; Freelance School: қашықтан жұмыс істеуге, өз орнын таңдауға, қызметтерді сатуға және клиенттерді тартуға үйрету; Mastercard қолдауымен E-commerce: мақсатты жарнамаларды әзірлеу, әлеуметтік желілерде беттерді жүргізу, интернет-дүкен ашу, халықаралық онлайн-алаңдарда тауарларды сату, онлайн төлемдерді қосу мен киберқауіпсіздік негіздеріне үйрету. Бұл дағдылар әйелдерге цифрлық кеңістікте өз қызметін бастауға және кеңейтуге көмектеседі, өз кезегінде, бұл еліміздің цифрлық экономикасын нығайтады», – деді спикер.
Жобаның финалистері Astana Hub халықаралық технопаркіне салтанатты іс-шараға шақырылып, технопарктің түрлі бағдарламасына қатыса алады.