Әскер қатарына шақырылған азаматтар үшін жүйеде көптеген өзгеріс енгізіліп жатыр. Олар психологиялық тестілеуден өтеді. Әскери бөлімдерді тексеріп, тамақ пен ұйқы сапасын бақылауға мүмкіндік бар. Бұл жайлы ҚР ҚМ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев ОКҚ алаңында мәлімдеді. 

«Әскерге шақырылатын жасқа дейінгі балаларға қатысты, былтыр Бүкілармиялық кеңесте Президент осы «Жас сарбаз» қозғалысын ұлттық деңгейге көтеру бойынша тапсырма берді. Былтыр «Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру» концепциясын қабылдадық. Ол концепция аясында, бірқатар дербес «Әскери қыран», «Әскери бүркіт» деген әскери-патриоттық клубтар бар, соның бәрін біркелкі жүйеге келтіріп, бір бағдарлама, керек болса, бір киім үлгісіне келтіру, бір үлкен ұжым құру жоспарда бар. Бұл жұмыстың нәтижесін жақында көресіздер», – деп сендірді спикер.