Жалпы өңірлік өнім көлемі 5 триллион теңгеге жеткен облыс еліміз бойынша бесінші орында тұр. Қаңтар-мамыр айларындағы қысқа мерзімдік  экономикалық көрсеткіш 107,9 пайызды құрады. Өнеркәсіптің жалпы көлемі жөнінен өңдеу өнеркәсібі (88,5%) жетекші орынға ие.

Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы, байланыс қызметі, көлік, құрылыс салаларында және сауда-саттық секторында да айтарлықтай өсім қарқыны байқалады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс аумағында 7 индустриялық аймақ құрылып жатқаны жөнінде баяндалды. Өңірдің 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфеліне жалпы құны 3,7 триллион теңге болатын 207 жоба  енген. Биыл сомасы 446,7 миллиард теңге болатын 58 жоба жүзеге асырылып, 5,3 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына шағын және орта бизнестің дамуы жөнінде мәлімет берілді. Әкімнің айтуынша, 2024 жылдың басындағы дерекке сәйкес өңірде 136,7 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 6,3 пайызға көп.

Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 53 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның 46-сына тиісті қаржылай қолдау көрсетілген.

Марат Сұлтанғазиев өңірдегі әлеуметтік мәселелер, соның ішінде үш ауысымды мектептердің проблемасы жоспарлы түрде шешіліп жатқанын айтты. Былтыр 13,8 мың орындық 13 мектептің құрылысы аяқталды. 2024-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы да 53 мектеп салу жоспарланып отыр.

Бұған қоса, Президентке Алматы облысында жүргізілген «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының алғашқы бес аптасының қорытындысы таныстырылды. Облыс тұрғындары қоғамдық орындарды абаттандыру және жаппай ағаш отырғызу ісіне белсенді атсалысқан. Аталған шара аясында 19 506 тонна қоқыс жиналып, 6600 гектардан астам аумақ тазартылған.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасы экологиялық мәдениетті қалыптастыратын маңызды қадам екенін атап өтіп, облыс әкіміне аталған жұмысты тұрақты түрде жүргізуді тапсырды. 

Кездесу барысында облыс орталығы Қонаевты, жаңадан құрылған Алатау қаласын және тұтас агломерацияны дамыту перспективасы талқыланды. Мемлекет басшысына қала құрылысына қатысты құжаттаманы әзірлеу және бекіту жұмыстарының аралық нәтижесі таныстырылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың стратегиялық даму жоспарын орындауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруды, сондай-ақ Alatau City жобасын жүзеге асыру үшін әлеуетті инвесторлармен қарым-қатынасты жандандыруды тапсырды.