Жағдай вице-премьер Серік Жұманғариннің жіті бақылауында. Ресей Федерациясының Орынбор облысының губернаторы Денис Паслермен және екі елдің салалық ведомстволарымен бірлесіп қарсы іс-қимыл шаралары пысықталуда.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, РФ Үкіметінің орынбасары Дмитрий Патрушев және РФ Ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лут арасындағы шекара маңы аумақтарында шегірткенің таралу қаупі туралы келіссөздер нәтижесінде Ресей тарапынан шараларды күшейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Ресей Федерациясының шекаралас аумақтарынан шегірткелердің ұшып келу қаупі жоғары аймақ: Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы, сондай-ақ үйірлі шегірткенің көші-қон жолдары Қостанай облысының Жітіқара және Денисов аудандарынан өтеді.

18 маусымда Ақтөбе облысында Орынбор облысы жағанан шегіртке зиянкестерінің ұшып келуі тіркелді. Осыған байланысты Әйтеке би ауданында қорғаныс шаралары күшейтілді. Химиялық өңдеуге жоспарланған 307 мың гектар аумақтың 62 мың гектарында жұмыс аяқталды. Қажет болған жағдайда қосымша техниканы жіберуге дайындық жасалды. 

Өңірге іс-қимылды үйлестіру үшін ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы жіберілді. Әйтеке би ауданында Орынбор облысының вице-губернаторының қатысуымен шегіртке зиянкестеріне қарсы бірлескен шаралар мәселелері бойынша жедел кеңес өтеді.

Қазіргі уақытта ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ұлытау облысында жұмыс сапарымен жүр, содан кейін жұмыс барысын бақылау үшін Ақтөбе облысына барады.

Жалпы Қазақстанда 19 маусымдағы жағдай бойынша өңдеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Химиялық өңдеу 1,5 млн га алаңда жүргізілді, оның ішінде Қостанай облысында – 240 мың га, Ақтөбе облысында – 469,8 мың га.

Басқа шекаралас аймақтарда да қорғаныс шаралары жалғасуда. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында 93 мың га, Атырау облысында – 70 мың га, Абай облысында – 33 мың га және т. б. өңделді.

Аумақтарды мониторингтік тексеру шаралары жалғасуда.