«Осыдан 2 жыл бұрын біз әлемді аралып, үздік локация іздедік. Былтыр ҚР Ғылым және жоғары білім министрімен кездесіп, Қазақстанның амбициясы біздің таңқалдырды. Осы ұсынысты қабылдап, үшінші кампусты Қазақстанда ашу туралы шешім қабылдадық. Қай университетпен серіктестік орнатамыз дегенде, таңдау Ақтөбедегі А.Жұбанов университетіне түсті. Біздің мақсатымыз – бұл білім ордасын халықаралық университет деңгейіне жеткізу. Оған бүкіл күшімізді саламыз», – деді спикер. 

Хериот-Уотт университетінің мамандары қазақстандық ЖОО-ның білім беру сапасын көтеріп, кәсіби маман даярлауға басымдық береді. Шетелдіктер жылына 300 студентті оқытуға қауқарлы. Бакалавриат бағдарламасы 3 бағыт бойынша жүргізіледі: электрондық және электрикалық инженерия, компьютерлік инженерия, мұнай-газ инженериясы. Алдағы уақытта мұнда Орталық Азия елдерінің студенттері де оқуға түсуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар PhD бағдарламаларын ашу көзделген.